ҚАЗАҚСТАНДА АВТОКӨЛІКТЕРДІ КӘДЕГЕ ЖАРАТУДЫҢ ЖАҢА ЕРЕЖЕЛЕРІ
Экология министрлігі ескі көліктерді кәдеге жаратудың жаңартылған ережелерін ұсынды. Енді ескі көлік иелерінде мынадай нұсқалардың бірін таңдау мүмкіндігі бар: автокөлікті тасымалдау компаниясына беру немесе оны жақын маңдағы қабылдау пунктіне өз бетінше жеткізу. Бұл үшін «Жасыл Даму» АҚ сайтында өтінім қалдырып, 15 күн ішінде көлік құралына қатысты одан арғы әрекет туралы шешім қабылдау қажет. Сайтта тасымалдау компанияларының ұсыныстары да қолжетімді болады, алайда, егер қолайлы ұсыныстар болмаса, көлік иелеріне машинаны кәдеге жарату пунктіне өздері жеткізуге тура келеді.
Автокөліктерді қабылдау қашан басталады?
Ескі көлік құралдарын кәдеге жарату процесін 2026 жылдың желтоқсан айының ортасында бастау жоспарланып отыр. 27 қазаннан бастап 45 күндік кезең басталады, бұл уақыт ішінде металл сынықтарын өңдеумен айналысатын компаниялар түскен өтінімдерді тексеріп, жабдықтардың дайындығын бағалайды. Осы кезең аяқталғаннан кейін көлік иелері өз көліктерін өткізуге өтінім жібере алады.
Талаптар туралы ақпарат
Қандай автокөліктер кәдеге жаратуға қабылданатыны және оларды қалай дұрыс жеткізу керектігі туралы толық нұсқаулықты жақын арада Экология министрлігі жариялайтын болады.
Өтемақылар мен сертификаттар
Көліктерін кәдеге жаратуға өткізген иелері Қазақстанда жасалған көлікті сатып алу кезінде жеңілдік алу үшін пайдалануға болатын сертификаттар немесе ақшалай өтемақы алады.
Санаттар бойынша төлем мөлшері:
- Жеңіл автокөліктер 315 000 теңгеден бастап
- Микроавтобустар 550 000 теңгеден бастап
- Автобустар 750 000 теңгеден бастап
- Салмағы 12 тоннаға дейінгі жүк көліктері 550 000 теңгеден бастап
- Ірі тоннажды жүк көліктері 750 000 теңгеден бастап
- Тракторлар 560 000-нан 1 000 000 теңгеге дейін
- Комбайндар 1 500 000-нан 2 000 000 теңгеге дейін
