ШЕТЕЛДЕ IDP ҚҰЖАТЫ БОЛМАҒАНЫ ҮШІН САЛЫНАТЫН АЙЫППҰЛДАР
Шетелде көлікпен саяхаттау — жаңа жерлерді өз қалауыңызша әрі жайлы зерттеуге мүмкіндік береді. Дегенмен, көптеген туристер үшін қасыңда халықаралық жүргізуші куәлігінің (IDP) болуы өте маңызды. Өйткені әртүрлі елдерде бұл құжаттың болмағаны үшін салынатын айыппұлдардың көлемі де әртүрлі және олар айтарлықтай қомақты болуы мүмкін.
Шетелде көлікті заңды әрі қауіпсіз басқару үшін IDP құжатының қажеттілігі мен ол үшін салынатын айыппұлдар әлі де өзекті. Ең танымал туристік бағыттардағы айыппұл көлемін қарастырып көрейік:
Түркия
Түркияда IDP-сіз көлік айдағандарға 6 000 түрік лирасына дейін (шамамен 320 USD) айыппұл салынуы мүмкін. Сонымен қатар, бұл құжат болмаса, мәселе сот арқылы шешілгенге дейін көлікті айып тұрағына алып қоюы ықтимал.
БАӘ (Дубай)
Біріккен Араб Әмірліктері жол ережесін бұзушыларға өте қатал қарайды. IDP болмағаны үшін айыппұл 5 000 дирхамға (шамамен 1 360 USD) жетуі мүмкін, сондай-ақ көлік ұсталуы ықтимал.
Италия
Италия шетелдік жүргізушілерден ұлттық правамен бірге IDP болуын талап етеді. Айыппұл көлемі аймаққа және жағдайға байланысты 400-ден 2 000 еуроға дейін (430 — 2 150 USD) өзгеруі мүмкін.
Шри-Ланка
Шри-Ланкада IDP-сіз көлік айдаған жүргізушіге 25 000 рупияға дейін (шамамен 125 USD) айыппұл қаупі бар. Кейбір жағдайларда іс сотқа дейін баруы мүмкін.
Грекия
Грекияда бұл құжаттың болмағаны үшін 1 000 еуроға дейін (шамамен 1 075 USD) айыппұл салынады. Оған қоса, көліктің нөмірі мен құжаттары бір айға дейін тартып алынуы мүмкін.
Оңтүстік Корея
Оңтүстік Кореяда айыппұл 200 000 воннан (шамамен 160 USD) басталады. Ережені қайталап бұзған жағдайда әкімшілік қамауға алу сияқты қатаң шаралар қолданылуы ықтимал.
Жалпы ұсыныстар
Кез келген елге сапар алдында жүргізуші құжаттарына қойылатын талаптарды нақтылап алған жөн. IDP-дің болуы сізді тек айыппұлдан құтқарып қана қоймайды, сонымен қатар жергілікті билікпен қиындықтардың алдын алып, жолдағы тыныштығыңызды қамтамасыз етеді.
Сарапшылардың пікірі:
«Халықаралық жүргізуші куәлігінсіз тек ұлттық праваны көрсеткені үшін айыппұл — 500 еуро. Соңғы кездері жағдай өзгере бастады. Қазір компания өз клиенттеріне міндетті түрде халықаралық құжатты рәсімдеуді ұсынады. Италия, Испания, Грекия, БАӘ, Аустралия, Нидерланд, Ұлыбритания және АҚШ-қа IDP-сіз бармаған жөн».
— Марина Хобихожина, Hertz ресейлік өкілдігінің брондау бөлімінің басшысы
Вена конвенциясына сәйкес, ұлттық правалар оған қол қойған барлық елдерде танылуы тиіс. Бірақ тәжірибеде бәрі басқаша. Кейбір елдер конвенцияға қарамастан IDP талап етеді. Заң тұрғысынан бұл талаптар даулы болуы мүмкін, бірақ бөтен елде соттасып жүру — турист үшін жағымсыз жағдай. Сонымен қатар, көлік жалдау кеңселері (rent-a-car) құжатыңыз болмаса, көлік беруден бас тартуы әбден мүмкін.
«Кейбір елдер біздің ұлттық жүргізуші куәліктерімізге (праваға) түсіністікпен қарайды. Бірақ ол жерде халықаралық куәлікті талап ету ықтималдығы жоғары. Сапар алдында тиісті туристік форумдарды қарап, адамдардың шынайы тәжірибесін зерттеуді ұсынар едім».
— Эдуард Эдоков, Қазақстанның Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы
*мәлімет 365info.kz сайтынан алынды
